Жорыққа қу қалмаққа жүрдім неге? Тобына көк бөрідей кірдім неге? Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды Көр болғыр, екі көзім, көрдің неге? Әйелдей баса алмайтын жүрек жынын Есалаң жүрекке ерік бердім неге? Буынып сол боз үйден шықпай өлмей? Атылып оқ жыландай тұрдым неге?! Ойламай, белді бекем будым неге? Қозымды қас дұшпандай қудым неге? Майысып Ноян қалқам, ерке марқам, Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге? Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым Қанымен өз қозымның жудым неге? Күнәсіз екі жасты өлтіргенше, Өлмедім ішіп уын удың неге?! Сұлу-ай, қалмай маған ердің неге, Жыландай бауырыма кірдің неге? Қадалды оқ-кірпігің жүрегіме, Жүрегім тілім-тілім тілдің неге? Секіріп суда ойнаған шабағымды, Сұм сұлу, қармағыңа ілдің неге? Тірлікте бетіңнен бір сүйе алмадым, Тіл тартпай, ерке тотым, өлдің неге?! Тартқанда сынбадың-ау, сұм садағым! Қайтейін, арымадың, арда күшім! Жоқ, әлде, жоқ... жоқ... Әлде... Өлтірдім бе, Інімді алты алаштың намысы үшін?!
Hide player controls
Hide resume playing