«Qaharman qazaq» жобасының бұл жолғы кейіпкері Аягөз ауданы, Шыңғожа батыр ауылының тумасы, қазір Семей қаласында әскери бөлімнің қызметкері Қуандық Қанатов. №35411 әскери бөлімде келісімшарт негізінде еңбек ететін ефрейтор Қуандық 2019 жылы 8 ақпанда жанып жатқан үйдің тұрғындарын эвакуациялауға қатысып, Семей қаласының жатақханаларының бірінде болған өрттен 15 адамды құтқарып қалған. Ел ұйқыда жатқан түн жарымда 5 қабатты жатақхана көзді ашып-жұмғанша отқа оранды. Жауынгерлік дайындығы жоғары Қ.Қанатов қызыл жалынмен арпалысып жүріп, басын қатерге тікті. Бейбіт күннің батыры атанған әскери қызметші өрт кезіндегі көмегін ерлікке баламайды, жай ғана өзінің әскери міндеті және азаматтық борышы, парызы санайды. «Менің орнымда болған әрбір адам солай істейді. Себебі, біз осындай қиын жағдайларда бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Маған Қарулы Күштер қатарында қызмет етуімнің сәті түсті, өйткені біз үнемі жаттығуларда әртүрлі жағдайларды жасап келеміз», - дейді Қуандық Қанатов.
Hide player controls
Hide resume playing